Мен жастарға сенемiн
Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты –
Қырандай күштi қанатты.
Мен жастарға сенемiн!
Көздерiнде от ойнар,
Сөздерiнде жалын бар,
Жаннан қымбат оларға ар,
Мен жастарға сенемiн!
Жас қырандар – балапан,
Жайып қанат ұмтылған.
Көздегенi көк аспан.
Мен жастарға сенемiн!
Жұмсақ мiнез жiбектер.
Сүттей таза жүректер.
Қасиеттi тiлектер –
Мен жастарға сенемiн!
Тау суындай гүрiлдер,
Айбынды алаш елiм дер,
Алтын Арқа жерiм дер,
Мен жастарға сенемiн!
Қажу бар ма тұлпарға,
Талу бар ма сұңқарға,
Иман күштi оларда,
Мен жастарға сенемiн!...
Алаш айбынды ұраны,
Қасиеттi құраны,
Алаштың олар құрбаны,
Мен жастарға сенемiн!
Мен сенемiн жастарға.
Алаш атын аспанға
Шығарар олар бiр таңда,
Мен жастарға сенемiн!
Мені де, өлім, әлдиле
Қажыдым енді, күш бітті,
Көңілсіз, салқын, күн бұлтты,
Жел бұйығып тербелед,
Әлдекімнің өлгенін,
Оны қалай көмгенін
Әңгіме ғып күңіренед.
Жел, күңіренбе, жасың тый,
Өлім күйі – тәтті күй,
Балқиды жаным бұл күйге.
Мені де, өлім, әлдиле,
Әлдиле, өлім, әлдиле!
Қара орманның шетінде,
Нағыз желдің өтінде
Өскен жалғыз жас қайың.
Былқ-сылқ етіп билеген,
Сылдыр-сылдыр күйлеген,
Болсын онда не уайым.
Сол жас қайың құлапты,
Жанында жел жылапты,
Балқиды жаным бұл күйге.
Мені де, өлім әлдиле,
Әлдиле, өлім, әлдиле.
Қолына ала ту алып,
Қылышын қанға суарып,
Тау суындай тасыған,
Қарақат көзін қан жауып,
Қабағынан қар жауып,
Ойын салған жас ұлан –
Майданда ұлан қайтыпты,
Жел иманын айтыпты...
Балқиды жаным бұл күйге.
Мені де, өлім, әлдиле,
Әлдиле, өлім, әлдиле!
Әлдеқайда бетпақ шөл,
Бетпақ шөлде жалғыз жол,
Сол жолменен жалғыз жан
Түн бойы талмай жүріпті,
Табанын тастар тіліпті,
Келгенде атып алтын таң,
Сорлы, шөлде өліпті,
Жел құмменен көміпті,
Балқиды жаным бұл күйге.
Мені де, өлім, әлдиле,
Әлдиле, өлім, әлдиле!
Бетінен алма қан тамған,
Тілінен тәтті бал тамған,
Бұйра толқын шашы бар,
Күлкісі меруерт шашылған,
Өзі – гүл жаңа ашылған,
Дәл он бесте жасы бар –
Сұлу көз жас төгіпті,
Тұншығып жасқа өліпті...
Балқиды жаным бұл күйге.
Мені де, өлім, әлдиле,
Әлдиле, өлім, әлдиле!
Талпынған жаңа нәресте,
Ақ қанатты періште,
Былдырлаған бұлақтай,
Көрінген жанды күлдірген,
Жаңа піскен бүлдірген,
Балауса нәзік құрақтай,
Қайтыпты қозы көз тиіп,
Бетінен кейде жел сүйіп...
Балқиды жаным бұл күйге.
Мені де, өлім, әлдиле,
Әлдиле, өлім, әлдиле!
Алыста айдын шалқыған,
Көбігі меруерт балқыған.
Сол айдынның астында
Бар екен алпыс ақ отау,
Алтын уық, жібек бау.
Бәрі он алты жасында –
Отау сайын толқын шаш,
Толқын шаштар жалаңаш...
Балқиды жаным бұл күйге.
Мені де, өлім, әлдиле,
Әлдиле, өлім, әлдиле!
Жаңа піскен балдырған,
Сүйсе, мейір қандырған,
Айдынға барып түсіпті.
Отауларды аралап,
Жас жүрегін жаралап,
Сұлуларды құшыпты.
Құшыпты да өліпті,
Жел толқыннан біліпті...
Балқиды жаным бұл күйге.
Мені де, өлім, әлдиле,
Әлдиле, өлім, әлдиле!
Балдырғанмен бастасып,
Сұлумен қол ұстасып,
Жас ұланмен жолдас боп,
Жас қайыңды қолға алып,
Баланы сүйіп бір қанып,
Жолаушымен мұңдас боп,
Мен де тезірек өлейін,
Әлі жаспын демейін,
Балқиды жаным бұл күйге.
Мені де, өлім, әлдиле,
Әлдиле, өлім, әлдиле!
Бетімнен тәтті бір сүйіп,
Алдыңа алшы әлдилеп,
Келші, өлім, тезірек.
Жан ұшудан тоқтады,
Жынданып енді соқпайды
Кешегі асау жас жүрек.
Бетімнен тәтті бір сүйіп,
Алдыңа алшы әлдилеп...
Балқиды жаным бұл күйге.
Мені де, өлім, әлдиле,
Әлдиле, өлім, әлдиле!
Гүлсімге
Жұмақтағы жібек желден,
Мәңгі жайнап тұрған гүлден.
Жаратылған әйел сұлу!
Тұрмыс деген бір тұзаққа,
Азға емес, тым ұзаққа
Кез болыпты – ішіпті у.
Әйел атын Гүлсім дейді,
Тұрмыс атын тылсым дейді.
Жұмақтағы кәусар судан,
Бетіңдегі алтын будан,
Періштелердің жырынан,
Жұмақ суы сылдырынан,
Жапырағының сыбдырынан,
Тәңірінің дәл өз нұрынан
Жаратылған періште еді,
Мекені оның ғарышта еді.
Алмас қанат періште еді,
Мекені оның ғарышта еді,
Жерді көрді қанға батқан.
Жүрегіне қанжар кіріп,
Жапан түзде андай ұлып,
Елді көрді зарлап жатқан.
Елді көрді – жерге түсті,
Жерге түсті – көрге түсті.
Елді көрді – жерге түсті,
Қақты қанат, кезді, ұшты,
Кім зарласа, соны сүйді.
Күлгенменен бірге күліп,
Өлгенменен бірге өліп,
Күйгенменен бірге күйді.
Жабыққанға жәрдем етті,
Қара да, ақ та теңіз өтті.
Алдап меруерт көбік шашар,
«Кел, – деп, – бері!», қойнын ашар.
Тұрмыс – теңіз бір тұңғиық.
Теңізге кім басар қадам,
Басса, басар оған адам.
Жанын сатып, жанын қиып!
Тұрмыс – теңіз сылқ-сылқ күлді,
Сұлу суға кірді де өлді.
Өлді сұлу – өтті жылдар,
Өлді сұлу – бітті жырлар,
Жалғыз ерте кешкі таңмен,
Қанды жерге көзін салып,
Көкті ойлап күйіп-жанып,
Қоңырлатқан мұнды әнмен
Ұшады екен қанат қағып,
Көзінен ыстық жасы тамып.
Жан толқытар жыр іздеген,
Әдемілік нұр іздеген,
Қиял құлы – мен бір ақын.
Тұрмыста тар, тайғақ жолға,
Түсіп келе жатып орға,
Күні кеше кешке жақын.
Батқан күннің таңын көрдім,
Сол сұлудың жанын көрдім.
Күні кеше жанның жырын,
Жүзіндегі жұмақ нұрын
Естіп, көріп, елжіредім.
Жан-жүрегім, қолым беріп,
Қан аралас жасым төгіп:
«Жолым баста, келші!» – дедім.
Қайрылып та қарамады,
Жас жүрегім жаралады...
«Мен бір жанмын өлген, – деді,
- Періштелер көмген!» – деді,
Бір қарады, кете барды.
Жүзіндегі жұмақ нұры,
Аузындағы мұнды жыры
Жүрегіме сіңіп қалды.
Жүрегімнен кетпес бұл жыр,
Құбылса да мыңға өмір.
Періштелер лебізінен,
Шын махаббат теңізінен
Жаратылған әйел сұлу!
Тұрмыс деген бір тұзаққа,
Азға емес, тым ұзаққа
Кез болыпты – ішіпті у!
Әйел атын Гүлсім дейді,
Тұрмыс атын тылсым дейді...
Туған жерім – Сасықкөл
Алыстан мұнарланып шалқыған көл,
Бетіңде күннің нұры балқыған көл.
Жарысып саф күмістей ақ көбігің,
Мап-майда мөлдірінде қалқыған көл.
Жанында жас балалар ойнаған көл,
Жан-жануар суыңды ішіп, тоймаған көл
Көз салып жалтырыңа, мұңға батып
Ғашықтар жарын іздеп, ойлаған көл.
Шешініп қыз-келіншек су алған көл
Әр жанды мөлдіріңнен суарған көл
Масайрап, суға тойып төрт түлік мал
Дөңіне ойнақ салып, қуанған көл.
Сыртыңда ақ боз үйлер жарасқан көл,
Байларың кедейлерге қарасқан көл
Ағайын тату-тәтті – қоныс бірге,
Саулықты сағат сайын сұрасқан көл.
Түрлі құс әуез қосып, шулаған көл
Шуақта балықтарың тулаған көл
Сапырып сары қымыз ертенді-кеш
Басында кеңес құрып, дулаған көл.
Сасық деп еркелетіп, ат қойған көл,
От-суға иең түгіл, жат тойған көл,
Назданып, жүйрік мініп, тарлан шүйіп,
Көксілдер тұс-тұс жақтан ат қойған көл.
Кір жуып, кіндік кесіп, сенде өскен көл,
Құрбымен ойнап-күліп, кел дескен көл,
Жарысып, тайға мініп, батпаққа аунап
Күресіп күн батқанда белдескен көл.
Айдын көл, ата қоныс, құт болған көл
Сусын боп сұрағанға, от болған көл
Кеше бірлік, ынтымақ түгел шақта
Бейне бір сенің басың сүт болған көл.
Білмеймін не боларың, қайран көлім
Жарайды тең болмаса күн мен түнің
Итиіп қарашекпен келіп қонса
Басыңнан құсың ұшып кетер сенің.
Зар
Күз жетіп, жердің жүзі солғын тартса,
Алтын күн нұры кеміп, салқын артса,
Жер жүзі өлім күтіп тұрса жылап
Сексенде селкілдеген байғұс қартша.
Қатты қыс кірейін деп есік ашса,
Қызыл гүл қорыққаннан түсі қашса,
Әл кетіп, бұлғақтаған бұтақтарда
Жапырақ: «Ал өлдік!»- деп сыбырласа,-
Қайғырман, сірә, осы қыс жетті екен деп,
Есіл жаз бір күндей боп өтті екен деп,
Артына қатты суық, қайғы тастап,
Жолымен «Барсакелмес» кетті екен деп.
Қыс егер, мезгілімен жаз да болар,
Қар еріп, ойпаң жерлер саз да болар.
Теңіздей толқындаған шалқар көлде
Түрлі құс: үйрек, аққу, қаз да болар.
Алтын күн алтын сәуле жерге шашар,
Жан кіріп, жан-жануар қыбырласар.
Күркіреп қара бұлт аспан-көкте,
Жасаған кең рақметтің кілтін ашар.
Сөзім жоқ дәл осылай болуында,
Бар қайғы, қалың дертім менің мұнда:
Көңілдің баяғыдай мінезі жоқ,
Соғады жүрек зорға, келші, тыңда.
Жоғалды, батты, кетті сәулем-Күнім,
Жайнаған жүз құлпырып қызыл гүлім.
Сәулесіз, Айсыз, Күнсіз қараңғыда
Өтермін аһ ұрумен шықпай үнім.
Жалғанның бір көрермін көп пен азын,
Өмірімде енді болмас жылы жазым.
Енді бір өлгенім де, жүргенім де,
Қолымнан ұшқаннан соң қоңыр қазым.
Алыстағы бауырыма
Алыста ауыр азап шеккен бауырым,
Қуарған бәйшешектей кепкен бауырым.
Қамаған қалың жаудың ортасында
Көл қылып көздің жасын төккен бауырым.
Алдыңды ауыр қайғы жапқан бауырым,
Өміріңше жапа шеккен жаттан бауырым.
Түксиген, жүрегі тас жауыз жандар
Тірідей терің тонап жатқан бауырым.
Япырмай, емес пе еді алтын Алтай
Анамыз бізді тапқан, асау тайдай.
Бауырында жүрмеп пе едік салып ойнақ,
Жүзіміз емес пе еді жарқын Айдай?!
Алалы алтын сақа атыспап па ек,
Тебісіп бір төсекте жатыспап па ек?
Алтайдай анамыздың ақ сүтінен
Бірге еміп, бірге дәмін татыспап па ек?
Тұрмап па ед біздің үшін мөлдір бұлақ
Сылдырап сылқ-сылқ күліп таудан құлап?
Даяр боп ұшқан құстай соққан құйын,
Тілесек бір-бір тұлпар бейне пырақ!
Алтайдың алтын күні еркелетіп,
Келгенде жолбарыс боп жаңа ер жетіп,
Ақ теңіз, Қара теңіз ар жағына,
Бауырым, мені тастап, қалдың кетіп!
Мен қалдым – жас балапан қанат қақпай,
Ұшам деп ұмтылсам да дамыл таппай.
Жөн сілтер, жол көрсетер жан болмады,
Жауыз жау қойсын ба енді мені атпай?!
Қорғасын жас жүрекке оғы батты,
Күнәсіз таза қаным судай ақты.
Қансырап, әлім құрып, естен тандым,
Қараңғы абақтыға берік жапты...
Көрмеймін кеше жүрген қыр-сайды да,
Күндіз – Күн, түнде – күміс нұрлы Айды да,
Ардақтап, шым жібектей арайға орап
Өсірген алтын анам Алтайды да.
Япырмай, айрылдық па қалың топтан,
Шабылып қайтпайтұғын жауған оқтан
Түріктің жолбарыстай жүрегінен,
Шынымен қорқақ құл боп жаудан бұққан?!
Шарқ ұрып ерікке ұмтылған түрік жаны
Шынымен ауырды ма, бітіп халі?!
От сөніп жүректегі, құрыды ма
Қайнаған тамырдағы ата қаны?!
Бауырым! Сен о жақта, мен бұ жақта,
Қайғыдан қан жұтамыз. Біздің атқа
лайық па құл боп тұру? Жүр, кетелік
Алтайға, ата мирас алтын таққа.
Жарым
Кердең — кердең жүресің сен, не таптың?
Мен айтайын — айнымайтын жар таптым.
Күндіз — түні жар қойнында жатамын,
Естімеймін уын — шуын жан-жақтың.
Қанша құшсам — дағы сусын қанбаған,
Жан жарым бар, неге керек мал маған!
Жұрттың бәрі-ақ: «Оңбаған жан!» — дей берсін,
Жан жарым бар, неге керек ар маған?!
Жарым күншіл, көз салдырмайд жан-жаққа,
Жібермейді жұмысқа да мансапқа.
Сондай ерке, оны құшып, керіліп,
Күндіз-түні күңірене бер тек жат та.
Әкем маған: «Сауда қылып, мал тап!» — дейд,
Жарым маған: «Мал деген не, тек жат!» — дейд.
Елім маған: «Елге еңбек қыл!» — дегенде,
Жарым маған: «Жатқан адам бекзат!» — дейд.
Жар айтқан соң, жаннан жақын көрген жар,
Жардың тілін алмауға не дәтім бар?!
Тілін алдым — үйден, елден айрылдым,
Бірі де жоқ — мал да, ел де, намыс, ар.
Жар жат дейді, жатамын да жатамын,
Mac адамдай бос ойға ылғи батамын.
Ашылғанда ұйқыдан көз, бар ісім -
Қылжалаңдап, жоқты — барды шатамын.
Әрине, енді мені мақтар пенде жоқ,
«Жап-жақсы еді, жар аздырды-ау!» — дейді көп.
Жұрт сөзі не? Жан жарымның қойнында
Жата берем: «Жаным, жаным, жарым!» — деп.
Бұл жарым кім? Тапшы қәне.- «Денсаулық?»
Сен дейсің ғой: «Алма бетті, ақ жаулық...»
Жоқ, жолдасым, адасасың, айтайын:
Жарым менің — аты шулы жалқаулық!
Р...альбомына
Себеп не екен? Бастан мені таптыңыз,
Альбомыңызды алдыма әкеп тарттыңыз.
Мен даярмын, рақмет сізге, қарындас,
Ағаңызға көңілді бір іс арттыңыз.
Ай аппақ қой, Сізге көңілім Айдай ақ,
Сізге деген жүректе жоқ жалғыз тап.
Адал ниет, ақ көңілімді бетке ұстап,
Ақылсымақ сөз айтайын азырақ.
Альбом — жүрек, уақыт жетпей ашпаңыз,
Құлып салып, берік бекітіп тастаңыз.
«Ашылам!» — деп аласұрар жас жүрек,
Белгілі іс, бірақ одан саспаңыз.
Альбом — жүрек, тыныштықты қашырар,
Уақыты жетсе, өзі-ақ бір күн ашылар.
Жүрек сыры белгілі ғой, біраздан
Желі тынып, толқындары басылар.
Альбом — жүрек. Көрінгенге бермеңіз,
Дос па, қас па? Бастан байқап тергеңіз.
Дос орнына қас кіргізіп жүрекке,
Бір күндерде өкініште жүрмеңіз.
Альбом — жүрек, жақын достар қолға алар,
Таза жүрек оны оқып толғанар.
«Мен жазайын, мен оқиын!»- деп алып,
Надан жандар кетпес қара тап салар.
Альбом — жүрек, жақсы сақтай көріңіз,
Таза жүрек меруерттен теріңіз.
Ескерісіп жүру үшін өмірде,
Қане, құрбым, қолыңызды беріңіз!
Ф...ға
Он екі айдың еркетайы – Май келді,
Жұлдыздар да жымыңдайды, Ай күлді.
Қалың қардың құшағынан құтылып,
Сылдыр-сылдыр сылдырады – сай күлді.
Күн батқанда қарашы көк жүзіне,
Қызыл алтын сеуіп қойған ба өзіне?
Майдың айы – Күн, Жер-ана – баланың
Елжіресіп табысатын кезі де.
Бүлдіршін боп киінеді қара жер,
Қарап оған көкте анасы елжірер.
Мұны көріп, жақыны жоқ жолаушы –
Күңіреніп, уһілеп жібек жел жүрер.
Өмір осы: аяз қыспақ, қар көмбек,
Сәулесімен жерді сүйіп Күн келмек.
Бір қарасаң – бетін қара бұлт жауып,
Жайнап, ойнап тұрған көгің түнермек.
Біреу – бала, анасына еркелер,
Біреу – ана, баласы үшін жан берер.
Біреу сүйген, екіншісі сүйілген,
Жас жүрегі аласұрар, жас төгер.
Біреулер – дос, бір-біріне жақын жар,
Ылғи екеу жалғыздықтан шекпес зар.
Біреуі өлсе, екіншісі де өлмекші,
Бір-біріне берік берген анты бар.
Өмір – заман. Жазы да бар, қысы бар,
Талай жанның туғаны бар, досы бар.
Тәңірінің дәргаһынан қуылған
Жақыны жоқ, досы да жоқ кісі бар.
Көп туса да жапа — жалғыз туған ол,
Жалғыз жылап, бетін жаспен жуған ол.
Жұлдыз, Ай да, Күн де көрмей көгінде,
Жалғыз зарлап, жалғыз сағым қуған ол.
Бір гүл көрсе, шын елжіреп сүйген ол,
Гүл дегені у боп, жанып-күйген ол.
Жаны бірге, ары бірге жан таппай,
Жас жүрегі күлден кебін киген ол.
Мен де жанмын, жапан түзде бір басым,
Жарым да жоқ, досым да жоқ, сырласым.
Аз өмірде көп алданып, у ішіп,
Көп түндерде төктім талай көз жасым.
Ессіз едім – аспанға өрлеп ұшқамын,
Хор дегенім – жер болады құшқаным.
Күле кіріп, жан сырымды біліп ап,
Шыға беріп күңіренеді достарым.
Жақын жан көп, ұғушы жоқ шын жанды,
Сенгіш жүрек талай сенді, уланды.
Туғаны жоқ, тұрағы жоқ жолаушы –
Жел болудан басқа маған не қалды?
Өтер жылдар, ұлғаярсың, өсерсің,
Белгілі бір жолға өмірде түсерсің.
Қуанарсың, қайғырарсың, жыларсың,
Ұзын жолда у да, су да ішерсің.
Көрерсің сен көптің келіп кешкенін,
Жоқтың бар боп, бардың өліп-өшкенін,
Өтер күндер, күн батқан соң күңіреніп,
Жібек желдің ақырын ғана ескенін.
Сол уақытта желге құлақ түргейсің,
Таныстарың еске алып, тергейсің.
Туғаны жоқ, тұрағы жоқ жолаушы –
Желге айналған мен екенім білгейсің!
Жас Мағжанға
Мағжан депті біздің Бәкең баласын,
Қарашығым, бүлдірген бөбек, адасым!
Сұрайсың ғой: «Қайдан келдің, аға? — деп,
Енді қайда жол тартып сен барасың?»
Бұл сөзіңе мен айтамын, қарағым:
Ойдан шықтым, ойға тағы барамын.
Көптен өзін ұстамап ем қолыма,
Тотыққандай болды мынау қаламым.
Оқасы жоқ, тотықса, енді ашылар,
Қаламымнан тағы сөзім шашылар.
Сен, бөбегім, ержетерсің, өсерсің,
Толқындар да толқып-толқып басылар.
Мен туғанда ақын ағам келді де,
Келіп, маған ақ батасын берді де.
Өс, бөбегім, жас балауса құрақтай,
Өмір — керуен, бір сәт тоқтап көрді ме?!
Қысқы жолда
Қараңғы түн, сары дала,
Көрінбейді айнала.
Боран соғып тұр борап,
Жолды басқан құр сорап.
Астымдағы жануар
Құлағын қайшыландырып,
Зорға борт-борт желеді,
Ызғарлы жел долданып,
Екі иінінен дем алып,
Ішін тартып осқырып,
Кейде қатты ысқырып,
Аңдай ұлып бір мезгіл,
Екі санын шапақтап,
Біресе сақ-сақ күледі...
Кейде кенет баяулап,
Жер бауырлап жаяулап.
Аузы-басы жыбырлап,
Асып-сасып сыбырлап,
Жерді жапқан кебінді.
Сүйіп ақырын құшақтап,
«Әпсүн» оқып үреді.
Барады үдеп бұл боран
Жанымда жоқ тірі жан.
Тоңазыды денем де.
Адаспай дұрыс келем бе?
Қорқып жүрек ойнайды,
Көз алдыма елестеп,
Әлде нелер келеді.
Боранын тәңір ашпады,
Жол білінбей бастады,
Көрінген бір жарық жоқ,
Босаңсиды Қаракөк...
Сар далада адасып,
Суық кебін жамылып
Қаларын кім біледі?..
Ғазизаға
Ғазизажан, қарашығым, бауырым,
Жолықтырып дұшпанның бір жауызын,
Сарғаямын қараңғы үйде қамалып,
Ағаң сорлы көрді бейнет ауырын.
Ә дегенде ашу қысып, жанып ем,
Ауыр ойлар басып, назаланып ем.
Мың бейнетпен ұзын күнді өткізіп,
Күнде ертең деп, күте-күте талып ем.
Күндер өтті, жанды жеді абақты,
Қанды сорып, көтертпеді қабақты.
Желдей заулап ескен жүйрік жас жүрек
Көтере алмай қалды сорлы қанатты.
Жан бауырым, қарашығым Ғазиза!
Қарлығашым, келдің ұшып, мен риза.
Сорлы ағаңды сағыныпсың, ойлапсың,
Жылар ма едің жүрегіңе ой сыйса?
Сені көріп төбем көкке тигендей,
Маңдайыңнан болдым иіскеп сүйгендей.
Тәңірі жазса, сарғаймаспын, шығармын,
Күнәм жоқ қой қасіретте күйгендей.
Қалың қара бұлт арылып басымнан,
Тәңірі жазса, өш алармын қасымнан.
Жан бауырым, жыламашы егіліп,
Мен садаға мөлдіреген жасыңнан!
Іште жалын, көкіректе қайғы зор,
Аямастан өмір уын беріп тұр.
Сені көру – босанғанмен бір маған,
Еркетайым, анда-санда келіп тұр.
Жолықтырып дұшпанның бір жауызын,
Ағаң сорлы көрді бейнет ауырын.
Тәңіріден ерте — кеш те тілей гөр,
Жан — жүрегім, қарашығым, бауырым!
Адастым
Артымда қазақ қалың ел,
Тақтақ жалғыз қара жол,
Кетіп бара жатыр ем.
Бейнетті, бітпес ұзын жол,
Отсыз, сусыз бетпақ шөл,
Мың мехнатқа батып ем.
Жұбаныш — жол біреу-ақ,
Үмітім алтын айдан да ақ,
Сонымен ойды жоюшы ем...
Далаға өлік жан салып,
Әлсін-әлсін ән салып,
Өлеңдетіп қоюшы ем...
Әлдеқайдан шу шықты,
Қып — қызыл қан-ту шықты,
Жердің жүзін түн басты.
Шегір көзді, сары шаш,
Бәрі тырдай жалаңаш,-
Жан-жағымды жын басты.
Әлденені бөлісіп,
Ыржиысып күлісіп,
Ән жер, мін жер жылт-жылт оқ.
Жел ұлиды, өкіред,
Жындар жалп-жалп секіред...
Қара жолдан сүрлеу жоқ.
Артымда елім бар еді,
Алдымда жолым бар еді,
Ел де жоқ қазір, жол да жоқ...
Табылар жолың, тарылма,
Жылама, жынға жалынба,
Таң атқанша күн де жоқ.
Өмір
Мана көкті қаптап еді қара бұлт,
Күн күркіреп қорқытып, ұшырып құт:
Көк тұнжырап мұңайып, қабақ жауып,
Көз ашқанда аспанда жарқылдап от.
Бұрқыратқан екпінді дауыл еді,
Сабап құйған жиіркеніш жауын еді.
Қорқып — сасып, жан — жануар есі шығып,
Бәрі-ақ іздеп баспана тауып еді.
Бұлт айықты, көк жүзі болды ашық,
Бар нәрседен қайғы-мұң кетті қашып.
Күн сәулесі жер жүзін құшақтады,
Қосылуға қашаннан болған асық.
Бейне алтындай көкте бұлт тұр ғой жайнап,
Енді жел жоқ мазалар оны айдап,
Жанға рақат гүлдерден хош иіс аңқып,
Жан беріп кең далаға, құстар сайрап.
Өмір осы — бірде ол болар бұлтты,
Қатты желді, дауылды, кейде отты.
Құрып дымың, қайғырып, жас төгерсің,
Бұлт ашылар — қайғының бәрі бітті.
Жел
Жел — тым тентек бір бала,
Жан сүйгені — cap дала,
Дамыл алмай жүгіред.
Ерні өтірік қыбырлап,
Сыр айтқан боп сыбырлап,
Кейде аң боп өкіред.
Желге еш нәрсе тең емес,
Тау да жолын бөгемес,
Сақ — сақ күліп секіред.
Жүйрік желім тым сотқар,
Біреу бетін жапса егер,
Әдейі бетке түкіред.
Мазасы жоқ жел ерке,
Оянып ап тым ерте,
Жорғалай басып кетеді.
Тыныш жатқан түс көріп
Көлдің бетін кестелеп,
Оны әуре етеді.
Кәрі орманды оятып,
Бірдеңе деп жұбатып,
Жымиып күліп өтеді.
Жұрттан ойын жасырып,
Алқынып өзі асығып,
Қарақат көзге жетеді.
Дем ала алмай асығып,
Күрсініп ауыр, бас ұрып:
«Саған, сұлу сәулеге
Келдім ұшып, ғашықпын.
Бір сүюге асықпын,
Мойның бұр мендей әуреге!»-
Деді де, сүйіп көзінен,
Шашы, алма жүзінен,
Қол жіберді кеудеге.
Бақыттысың, еркежан!
Уа, дариға, Жасаған,
Жел емеспін мен неге?!
Айға
Күн батып, қараңғылық қанат жайды,
Аспанда сансыз жұлдыз жарқырайды.
Отырған қараңғы үйдің терезесінен
Көремін мұңды, нұрлы толған Айды.
Қайғылы Ай, тұрсың көкте түсің қашып,
Қайғылы жер жүзіне нұрың шашып.
Жылжисың ақырын ғана қорыққан жандай,
Жүргендей жол таба алмай бейне адасып.
Бір жауыз сөндірмек пе әлде нұрың?
Үстіңе кигізбек пе қара құрым?
Жоқ әлде қазіргімен жұмысың жоқ,
Қайғыға түсіре ме өткен күнің?
Кім білед, өткен күнің алтын шығар?
Ажарың бейне күндей жарқын шығар?
Көп жұлдыз – әлде күшпен, әлде іспен
Еріксіз артыңа ерткен халқың шығар.
Жоқ шығар ешбір бөгет онда жолда,
Еркіңмен құлаш жайып оң мен солға,
Мезгілмен толу, солу билігі де
Ол уақыт емес шығар басқа қолда?
Қайғылы Ай, мен де сенің қайғыңа ортақ,
Менде де бұрын бар еді тәж бенен тақ.
Жас едім, жалынды едім, батыр едім,
Қолыма қонып еді ол уақыт бақ.
Кең дала, көресің ғой, ана жатқан
Жібектей жасыл шөптер бетін жапқан.
Асқар тау, балдан тәтті сулары бар,
Әне, сол анам еді мені тапқан.
Салушы ем асау тайдай қойнында ойнақ,
Жүруші ем ертеңді-кеш ылғи ойнап.
Ішуге ас, мінуге ат – бәрі даяр,
Көрмеп ем өмірімде қайғы ойлап.
Дариға, жауыз тағдыр қатты алдады,
Бақ-дәулет – алмағаны еш қалмады.
Тас жүрек көзім нұры – анамды алып,
Еңіреген мен жетімге көз салмады.
Мінеки, қамаудамын тар үңгірде,
Мұнысы – көмгені ғой тірі көрге.
Мейірімді Ай, мені дағы жаныңа алшы,
Болайық екі мұңдық біздер бірге.
Ант етіп айрылмасқа бірігейік,
Ас-сусыз, мың бейнетпен жол шегейік.
Тыңдайтын бар ғой тілек әділ Алла,
Көл қылып қан аралас жас төгейік.
Сұрасақ, тілек қабыл болмас па екен?
Жолымыз жылап шеккен оңбас па екен?
Кеше ұшқан басымыздан бақыт құсы
Тағы да қайта айналып қонбас па екен?
Қарағым
Қарағым, оқу оқы, босқа жүрме!
Ойынға, құр қаларсың, көңiл берме.
Оқымай ойын қуған балаларға.
Жолама, шақырса да қасына ерме!
Кiдiрме, аяңдама, алға ұмтыл,
Алам деп көктен жұлдыз қолың серме.
"Қарманған қарап қалмас!" — деген рас сөз,
Тоқтамай iсте болсаң батып терге.
Жасынан оқу оқып, өнер қуған.
Жан жетпес көңiлi жүйрiк кемеңгерге.
Бiлiмсiз, құр қалтақтап жүргенменен,
Ерте өлген, көмiлулi қара жерге.
Ана
Үйдің іші ұйқыда,
Түн ортасы шамасы.
Көзін алмай бесіктен,
Бөбек жатыр албырап.
Бесікте бөбек ауру,
Тербетіп отыр анасы.
Үнсіз, меңіреу ұзын түн,
Жел азынап тұр есіктен.
Шөкиіп ана отыр,
Жүрегіне біреу біз
Сұғып алып кеткендей.
Үнсіз, меңіреу ұзын түн
Шөккен қара бір нардай.
Сарғайып, ана сарылып,
Демігіп, қызып, қысылып,
Ауық-ауық, селк етед,
Әлденеден шошьшып.
Селк етсе бөбек, ананың
Өзіне ажал жеткендей.
Шөкиіп отыр дем алмай...
Таң алдында қара бұлт
Күңіреніп көкті жабады.
Бөбегінің бетіне
Ананың жасы тамады.
Қазақ тілі
Күш кемiдi, айбынды ту құлады,
Кеше батыр – бүгiн қорқақ, бұғады.
Ерiкке ұмтылған ұшқыр жаны кiсенде
Қан суынған, жүрек солғын соғады.
Қыран құсты қос қанаты қырқылды,
Күндей күштi күркiреген ел тынды.
Асқар Алтай — алтын ана есте жоқ,
Батыр, хандар — асқан жандар ұмытылды!
Ерлiк, елдiк, бiрлiк, қайрат, бақ, ардың, —
Жауыз тағдыр жойды бәрiн не бардың...
Алтын Күннен бағасыз бiр белгi боп,
Нұрлы жұлдыз, бабам тiлi, сен қалдың!
Жарық көрмей жатсаң да ұзақ, кен-тiлiм,
Таза, терең, өткiр, күштi, кең тiлiм,
Тарап кеткен балаларыңды бауырыңа
Ақ қолыңмен тарта аларсың сен, тiлiм!
Сырым
Мен қуансам, жас баладай қуанам,
Көрген адам талай деген: «Есалаң!»
Мен қайғырсам, орнатамын қиямет.
Жас баламын — тағы да тез жұбанам...
Күлсем егер есім шығып күлемін,
Жылағанда қап - қара қан төгемін.
Қасым болса, қанын ішкім келеді,
Досым болса, жолында оның өлемін.
Әйел сүйем, бірақ емес сендерше,
Мен сүйемін жан — денесін бергенше.
Жан — денесін бірдей алам, улаймын,
Қысып сүйем құшағымда өлгенше.
Ол күледі, мен де есалаң күлемін.
Ол жылайды, мен де жасым төгемін.
Құшағымда жан — тәнінен айрылып,
Өлед әйел, мен де бірге өлемін.
Тағы көрем. Тағы күлем. Тірілем.
Есім шығып тағы тұзаққа ілінем.
Өмір — дала, тапыл басқан мен бала,
Тапыл — тапыл, дамыл — дамыл сүрінем.
Өмір — өзен, үміт — шабақ ойнаған,
Жел сөзбенен шабақ аулауға ойлаған.
Мен — есалаң, мен — нәресте, үміт —
Жүз күйсе де қармануын қоймаған.
«Өзім — тәңірі, өзіме өзім табынам»,
Деп көпіріп, зор тәңіріге шабынам.
Егерде енді ауырыңқырап кетсе бас,
Сол тәңіріге жасым төгіп жалынам.
Міне, оқушым, осы менің бар сырым,
Бояу деген ойымда жоқ, жоқ сырым.
Сен не дейсің?..Құлағындай есектің
Ерініңе күлкі келді-ау, қыртылым!
Мақаланы құрған күні 11.08.2025 17:10
Мақаланы жаңартқан күні 11.08.2025 17:18